Заңгер мамандығын бітіргендердің 98 пайызы, экономистердің 85 пайызы Астанада сұранысқа ие емес - И. Тасмағамбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары оқу орындарында заңгер мамандығын бітіргендердің 98 пайызы, экономистердің 85 пайызы Астанада сұранысқа ие емес. Бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осылай мәлімдеді.

«Өтіне сұрайтын мәселе бар, Үйлестіру кеңесі Білім және ғылым министрлігіне елордада сұранысқа ие емес мамандықтарды қайта қарау туралы ұсынысын жасаса екен. Біздің университетте сол баяғы дәстүр әлі қайталанып жатыр. Қараңызшы, заңгерлер немесе юриспруденция мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары түлектерінің 98 пайызы Астанада сұранысқа ие емес. Астанада экономистердің 85 пайызы сұранысқа ие емес. Олардың бәрі Бас қаладан жұмыс таба алмайды», - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Бұл ретте қала әкімі психикасы сыр беретін ондай түлектер жұмыс таба алмай ақыры қылмыс жолына түсіп кете беретінін жоққа шығармайды. Сондықтан да, И. Тасмағамбетов жастар ісіне аса мұқият болу керектігін алға тартады.

«Егер біз жоғары оқу орындары даярлайтын мамандықтардың реестрін қайта қарамасақ, онда алдағы уақытта үлкен жүйелі проблемаларға тап болуымыз да мүмкін. Киевте, Украинада не болып жатқанын қараңыз? Онда орта немесе егде жастағы азаматтар жоқ, кілең жастар. Ал неге олар басбұзарлыққа барып жатыр? Өйткені, олар - жұмыссыз. Оқулары да «ақылы», жылына бір барады, қаржысын құяды сосын жарты жыл бос жүре береді. Міне, мәселе қайда жатыр?! Сондықтан бұл проблемаларға баса назар аударуларыңызды сұрар едім», - деді елорда әкімі Кеңес барысында.