Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер палата төрағасынан алдағы сайлау аясында болашақта қандай сенаторлар керек болатынын сұрады.
«Бізге заңгерлер керек. Парламентте өте көп күрделі заңдар қаралып жатыр. Бүгін қабылданған банкроттық туралы заң да осындай құжаттардың санатында. Сондықтан мұндай қиын заңдарды пысықтап, талқылау үшін бізге білікті заңгерлер керек. Алдағы сайлау нәтижесі бойынша бізге мықты мамандар келеді деген ойдамын», - деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың 14 қаңтарында өтетін Сенат депутаттарын сайлау аясында өңірлерден қатысатын кандидаттардың аты-жөндері белгілі болды.
Айта кетейік, биыл қараша айында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Фото: senate.parlam.kz