Заңгерлер даярлау ісінде қордаланған проблемалар бар – Сенат төрағасы

Фото: Фото: ҚЗСИ

АСТАНА. KAZINFORM – Заң саласындағы мамандардың саны бар да сапасы жоқ. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

- Бүгін біз парламенттік тыңдау аясында елімізде заң білімін дамыту және заң шығару қызметінің сапасын арттыру мәселелерін талқылаймыз. Кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі қоғам мен мемлекеттің барлық саласына тікелей әсер ететіні белгілі. Осындай білікті мамандарды дайындау үшін заң білімін дамыту аса маңызды. Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда білімі мен ғылымы жоғары деңгейде дамыған мемлекет қана қуатты және бәсекеге қабілетті бола алатыны анық. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, бүгінде отандық білім мен ғылым саласының алдында маңызды міндеттер тұр. Бұл сала әрдайым уақыт талабына бейімделіп, үнемі тың жаңалықтар ұсынып отыруға тиіс, - деді М. Әшімбаев Сенаттағы заң қызметтерінің кадрлық әлеуетін нығайту және заң білімін дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Бұл тұрғыда Сенат төрағасы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен кешенде реформалар іске асып жатқанын еске салды. Осы орайда қолға алынған барлық бастаманы заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақытылы қамтамасыз ету ортақ міндет саналады. Білікті заңгерлерсіз тиісті мақсаттарға қол жеткізу, жалпы құқықтық мемлекет құру мүмкін емес екені белгілі.

- Сондықтан аталған сала мамандары қашанда ерекше сұранысқа ие. Заңгерліктің әлемдегі беделді мамандықтардың бірі саналуының да басты себебі сол. Соған қарамастан, қазір елімізде заңгерлер даярлау ісінде қордаланған проблемалар бар екенін мойындау қажет. Солардың бірі – жұмыс берушілерге қажетті мамандар мен оқу бітірген жас мамандардың саны арасында сәйкессіздіктің болуы. Сондай-ақ, еңбек нарығында білікті заңгерлердің жетіспеуі де өзекті мәселе. Бүгінде заң саласындағы мамандардың көлемі болжамды сұраныстан тоғыз есе жоғары болып отыр. Яғни, мамандардың саны бар да, сапа жоқ деп айтсақ, артық болмас. Оған ешкім ренжімес. Осы мәселені жүйелі жолға қою үшін нақты тетіктерді қолға алуымыз керек. Сонымен қатар, құқықтық білім беру ісінде инновациялық тәжірибелер мен тәсілдерді енгізудің де берері мол екені сөзсіз. Осы бағытта да кешенді шаралар қажет деп есептейміз, - деді ол.

М. Әшімбаевтың пайымынша, бұл ретте процестерді цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын қолдануға баса мән берген жөн. Қазір дамыған елдер осы мәселелерге көңіл бөліп отыр. Мысалы, былтыр АҚШ заң мектептерінің жартысынан көбі жасанды интеллект курстарын ұсынған екен. Сондай-ақ, аталған елде оқу орындарының 80 пайыздан астамында студенттерге жасанды интеллект тетіктерін тәжірибеде тиімді қолдануды үйрететін қажетті ресурстар бар.

- Сонымен қатар, реформалардың жаңа кезеңінде сот және құқық қорғау жүйелерінде білікті қызметкерлердің жаңа буынын қалыптастыру да аса маңызды деп есептейміз. Мұндай қадам заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидатын қоғамда берік орнатуға және азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Кадр даярлау мәселесі құқықтық актілер мен заң жобаларын әзірлеу сапасына да тікелей әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Бұл салада да біраз проблемалар бар екені белгілі, - деді Сенат төрағасы.

Бұған дейін Қазақстанда заңгерлік кеңес беру үшін жасанды интеллект әзірленіп жатқанын жазған едік