Заңнама талаптарын бұзған мемлекеттік органдардың 521 лауазымды қызметкері жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті тексеру жүргізуде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнама талаптары мүлтіксіз сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарын жалғастырды.

«Ағымдағы жылғы 9 айда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жалпы тіркелген тексерулер саны 21 пайызға (73 565-тен 89537-ге) артты. Сондай-ақ, бизнес субъектілерін тексеру 40 пайызға (28 387-ден 39 983-ке) өсті. Мұндай өсім шағын және орта бизнесті тексеруге өткен жылғы мораторийге байланысты болып отыр», - делінген аталған комитеттің хабарламасында.

Тексерілетін субъектілердің қызметіне заңсыз араласудан қорғау мақсатында комитет 740 тексеру тағайындау актісін тіркеуден бас тартты, оның ішінде 362-сі жеке кәсіпкерлерге қатысты. 462 заңсыз тексеру анықталды, оның ішінде 204-сі жеке кәсіпкерлерге қатысты.

Тексеруді тіркеуден бас тартудың басым бөлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау (171), салық қызметі (91), әкімдік (68), еңбек инспекциясы органдарына (61), төтенше жағдайлар (60), жер қатынастары (59), ветеринарлық бақылау және қадағалау басқармаларына (53) қатысты қолданылған.

«Аталған мерзімде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін қолданылған прокурорлық шаралармен мемлекеттік органдардың 521 лауазымды адамы заңмен қаралған жауапкершіліктерге тартылған», - деп атап өтілген Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мәліметінде.