Заңсыз иемделген криптоактивтерді қайтарумен айналысатын қор құрыла ма
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов заңсыз иемделген активтерді қайтарумен айналысатын қор құру туралы ұсынысқа жауап берді.
Мәжіліс депутаты Олжас Құсбеков Ұлттық банк жанынан мемлекет алып қойған криптоактивтерді қабылдайтын қор құруды ұсынған болатын. Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында осы ұсынысқа ресми жауап айтылды.
- Біріншіден, заң талабы бойынша криптоактивтер мүлікке теңестірілген. Екіншіден, мемлекет алып қойған активтің бәрі бюджетке кіріс ретінде түседі. Қаржы министрлігінің құрылымында мемлекет алып қойған активтерді қабылдап, сататын, сол арқылы бюджетке кіріс кіргізетін Мемлекеттік мүлік комитеті бар. Сондықтан жеке қор құру қажет емес деп ойлаймын, - деді Берік Шолпанқұлов журналистің сұрағына берген жауабында.
Бұған дейін Қазақстанда криптовалюта сатушылар 5 млрд теңгеге жуық салық төлемегені белгілі болған еді.