Платформа Алматы қаласы Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Eco Almaty» ЖШС-нің қолдауымен әзірленген. Жоба республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылды.
— Жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын TazaQala қала тұрғындарына экологиялық мәселелерді шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Платформа арқылы тұрғындар заңсыз қоқыс төгілген орындар туралы хабарлап, өтініштерінің мәртебесі мен аумақтарды тазарту жұмыстарының барысын қадағалай алады, — деп хабарлады әкімдіктен.
Алматының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Арман Нүгірбековтің айтуынша, жаңа жүйе тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз етеді.
Прокуратураның мәліметінше, платформа іске қосылғалы бері 871 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 507-сі толықтай жойылып, аумақтардан 500 тоннадан астам қалдық шығарылған. Бұған қоса қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салайық, Ақтөбеде 32 заңсыз қоқыс алаңы анықталды.