Заңсыз кірістерге жол жоқ: Мәжіліс жаңа нормаларды бекітті

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

Заң жобасы кірістердің ізін жасыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл ұлттық жүйесін жетілдіру үшін, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарттарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасында мыналар көзделіп отыр:

— уәкілетті органды бекіту арқылы қаржылық мониторингтің жаңа субъектілерін енгізу (қаржылық құралдармен мәмілелер бойынша клиринг қызметін көрсететін ұйымдар, өз қызметін тауар биржасында жүзеге асыратын және биржалық тауарлармен мәміле жасайтын биржалық брокерлер, ұялы байланыс операторлары, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы);

— қаржылық мониторинг субъектілері үшін күдікті қызмет туралы хабарларды уәкілетті органға жіберу жөнінде міндеттер енгізу.

Бұдан басқа, кірістердің ізін жасыру және терроризмді қаржыландыру сын-қатерін бағалау жүйесін 2 деңгейге бөлу ұсынылады — қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган жүргізетін ұлттық бағалау және уәкілетті органмен келісілген әдістермен өз құзыреті шегінде қаржылық мониторинг субъектілерінің заңнаманы сақтауын бақылайтын мемлекеттік органдар жүргізетін секторлық бағалау.

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар екінші оқылымға бірқатар норма қабылдады:

— мәдени құндылықтарды қолма-қол ақшалай сатып алу (сату), мәдени құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету операциялары бойынша шекті 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетуге;

— сомасы 5 млн теңгеге тең немесе одан асатын, қаржылық мониторингке жататын цифрлық активтермен жасалатын операциялар үшін шекті белгілеуге;

— қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органның коммерциялық емес ұйымдардың кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру қаупін анықтау тұрғысынан күдікті операцияларына талдау және мониторинг жүргізуіне;

— қаржы мекемесінің басшысы лауазымына үміткер кандидаттың іс-әрекеттері бұрын қылмыстық кірістерді жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен адамдармен байланысының болуын міндетті тексеруді енгізуге;

— меншік иесі — заңды тұлғада қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату, терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру саласындағы қылмыстары үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болмауы бойынша талап енгізуге;

— «жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыру» ұғымын енгізуге;

— Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржылық мониторингке жататын субъектілер тізбесіне енгізуге;

— көлеңкелі банктер құруға тыйым салуды енгізуге;

— қаржылық мониторинг субъектілеріне тиісінше тексеру рәсімдерін жүргізу кезінде скорингтік жүйені енгізуге;

— қаржылық мониторинг субъектілеріне қашықтан мониторингтеуді енгізуге;

— мемлекеттік органдар үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру қаупіне үш жылда бір рет секторлық бағалау жүргізу міндеттерін енгізуге қатысты нормалар.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қызу талқыланды. 

Қазақстан мыңнан астам шалғай ауылдарына талшықты-оптикалық байланыс желілері мен кеңжолақты интернет тарту үшін Халықаралық Қайта құру және даму банкінен 84 млрд теңге қарыз алатын болды.