Заңсыз қудаланған БҚО тұрғыны 7,7 млн теңге өндіріп алды

Фото: pexels.com

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны заңсыз қудаланғаны үшін сотқа шағым түсірді. 

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған тұрғын 2023 жылы 6 ай уақытша ұстау изоляторына қамалып, 1 ай үйқамақта болған. Одан кейін ұзақ уақыт бойы үздіксіз тексерулер мен жауап алу әрекеттері жүргізілген, алайда прокурор тарапынан қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданды.

Сол себепті талапкер сотқа жауапкер мекеме – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік қазынашылық комитетінен 15 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды және 4 млн теңге материалдық шығынды өтеу туралы талап арызбен жүгінді. 

Осы кезеңде талап қоюшы үнемі уайым, жүйкелік күйзеліс жағдайында жүргенін, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдары тарапынан өзіне қатысты қорқыту, психологиялық қысым және құрметсіздік болғанын көрсетеді.

Сотпен талап қоюшыға қатысты қылмыстық қудалаудың заңсыз жүргізілгені анықталды, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан моральдық азап шеккені расталды. Сондай-ақ қылмыстық істің қозғалуына байланысты талап қоюшы жұмысынан айырылып, тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болған. 

– Сот талап қоюшының жауапкер мекемеге қойған талап арызын ішінара қанағаттандырды. Оның пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 3 млн теңге, материалдық шығынды өтеу ретінде 4 млн теңге, сондай-ақ өкілдің қызметіне ақы төлеу бойынша шығыстар ретінде 700 мың теңге өндірді. Шешім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны киік мүйізін сақтағаны үшін сотталғанын жазған болатынбыз.