Заңсыз миграцияға қатысты бақылау күшейтілді - СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға заңсыз көші-қон ағынының күшею ықтималдығына қатысты түсініктеме берді. Қазір бірқатар елде босқындар ағынын бақылауды күшейту үрдісі байқалып отыр.

Фото: ҚР СІМ

- Шенген аймағы келісімі елдері шекараларында бақылауды күшейтіп жатыр, себебі босқындар саны артып келеді. Әрине, заңсыз миграция мәселесі. Сондықтан бұл елдер тиісті шара қабылдауға құқылы. Осы мәселені ескере отырып, олар қадағалауды қатаңдатты, - деді Е. Көшербаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда Қазақстанда да осындай шаралар қабылдаған.

- Сондай-ақ біз заңсыз көші-қонды, оның көлемі мен ағынын азайтуға тырысып келеміз. Атап айтқанда, заңсыз миграцияға жол бермеу мәселесі бақылауда тұр, - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылы Жерорта теңізі мен Африка мүйісі сияқты қауіпті көші-қон бағыттарында шамамен 8 мың адам қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті.