Партия өкілі мұнда комиссия мүшелеріне қысым болу қаупі бар екенін айтты.
«Егер комиссия мүшелерін ашық жариялап айтатын болсақ, бұл ретте сыртқа капиталын шығарғандардың ең алдымен қылмыстық топ екенін айтуымыз керек. Біз, депутаттар заңды жазып бердік, онда бәрі анық жазылған. Енді прокуратура – сол заңды іске асыратын орган, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Заңсыз актив иелері әртүрлі құйтырқы әрекеттерге баруы мүмкін. Өйткені онда миллиардтаған қаражат сөз болып отыр. Сол себепті бұл комиссия жұмысы жабық болғаны жұмысты ілгерілетуге анағұрлым көмектеседі», - деді Е.Бейсенбаев Jibek joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында.
Сонымен бірге, спикер компаниялар тізілімінің неліктен жарияланбайтынын айтып берді.
«Біріншіден, бұл компанияның өзіне қауіп, оларды тізілімге қоссақ, тексере келе, қаражатын заң жүзінде тапқанын дәлелдесе, компанияның қаржылық беделіне нұқсан келеді. Бұл мемлекетіміздің қаржылық хал-ахуалының төмендеуіне әкеп соғады. Сондықтан реестрдің жабық болғаны дұрыс. Ал егер расында да қандай да бір ірі компаниядан заңсыз иемденген актив табылса, қылмыстық іс қозғалған сәтте-ақ ақпарат бірден баспасөзде жарияланады», - деді Е.Бейсенбаев.
Бұған дейін Е.Бейсенбаев сайлауда айқын жеңіске жеткен саяси партияның өкілдері Үкімет басшысын ұсынатынын, қазіргі Үкіметке жалпы көңілі толатынын айтқан еді.