Заңсыз аң аулаған жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері ұсталды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Арал аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері мен Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының және «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның қызметкерлері бірлесіп рейд ұйымдастырды.

Нәтижесінде Қазалы ауданының аумағында УАЗ автокөлігімен Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ-нің  5 қызметкері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру барысында, автокөлік ішінен 1 дана қос ұңғылы 12 калибрлі аңшы мылтығы, 22 дана  оқ, 1  пышақ және 39 атылған қоян табылды.

Қазіргі танда аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірынғай тізіліміне тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.