Заңсыз қарасора жинағандардың әрқайсысы үш жылға сотталды - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен А.Рябцев, Б.Тәржіманов, Қ.Тасмұратов, Н.Кузбеев ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, әрқайсысы үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге сотталды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оған қоса Рябцев, Тәржіманов, Кузбеев жазасын өтеу орындарында есірткіден мәжбүрлі түрде емделетін болады.

Сот талқысында белгілі болғанындай, 2014 жылдың қыркүйегінде А.Рябцев, Б.Тәржіманов, Қ.Тасмұратов, Н.Кузбеев «Volkswagen Golf 3» автокөлігімен қарасора өсімдігін заңсыз жинау мақсатында Зеленов ауданы Озерное ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан Кирсанов қорығының орман алқабына барған. Содан қарасораны полимерлік қаптар мен спорттық сөмкеге салып, жинау барысында ұсталған. Сонымен бірге оларды тінту кезінде қағазға оралған кептірілген марихуана табылған.

Істі қарау барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылар Б.Тәржіманов, Қ.Тасмұратов, Н.Кузбеевке қатысты ҚР ҚК 259 бабының 3-бөлігінің «а, в» тармақтары бойынша айыптауды 296-бабының 4-бөлігіне, яғни есiрткi заттарын сату мақсатынсыз көп мөлшерде заңсыз иемденіп алу және сақтау бойынша өзгертті. Сондықтан сот ҚР ҚІЖК 337-бабының 7-бөлігіне сәйкес аталған сотталушыларға қатысты істі жаңа айыптау бойынша қарады. Сот сонымен қатар сотталушының сату мақсатында заңсыз есірткі затын сақтағаны туралы дәлелдерді айыптаушы тараптың ұсынбауына және іс материалдарында болмауына байланысты А.Рябцевтің әрекетін ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша қайта дәрежеледі.