Заңсыз құс аулады деген күдікпен шетелдік бес азамат ұсталды - ІІМ
14:23, 08 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Заңсыз құс аулады деген күдікпен шетелдік бес азамат ұсталды. Бұл туралы бүгінгі брифингте Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
«Табиғатты қорғау және ветеринарлық полиция қызметкерлері кеше «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің инспекторларымен бірлесіп жүргізген жедел-рейдтік шара кезінде, Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында заңсыз құс аулады деген күдікпен таяу шығыс елдерінің бес азаматы мен Қазақстанның төрт азаматын ұстады», деп хабарлады Қ.Жұманов.
Ведомство өкілінің айтуынша, оқиға орнын тексеру кезінде жеті тірі сұңқар құс пен саджа тұқымдас тоғыз дала құсы және сұңқар аулау үшін пайдаланылған кептерлер табылған. «Құстарға сот-биологиялық сараптама жүргізілуде, қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде», деп түйіндеді ІІМ өкілі өз сөзін.