Заңсыз ойын бизнесі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында өршіп тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңсыз ойын бизнесі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында өршіп тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

«Біз Қазақстанның жалған ақша купюралары мен белгілерін дайындаумен айналысатын 5 қылмыстық топтың қызметін тыйдық. 2047 жалған ақша купюрасы алынды, 21 жасырын казино, 63 онлайн-казино, 40 ойын автоматы залы анықталып, 540 ойын автоматы, 566 терминал, 18 поккер үстелі тәркіленді», - деді Д.Ерғожин.

Оның сөзіне қарағанда, заңсыз ойын бизнесі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында шоғырланған.

«Бұл облыстарда мұндай заңсыз бизнес ең көп анықталып отыр. Заңсыз бизнестің кеңінен таралуы, тіпті, біздердің Астанада, «Шұбар» шағынауданында да табылуы дәлел болады. Аталған іске қатысты барлық тұлға анықталды», - деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, мұнан бөлек, алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру және сатуға қатысты 152 қылмыстық іс қозғалып, 6 миллионға жуық жалған есепке алу-бақылау маркасы, 5 млн. шөлмек есепке алынбаған алкоголь өнімі, 69 мың литр спирт тәркіленген.