Заңсыз ойын бизнесімен айналысқан азамат 600 мың теңгеден астам айыппұл төлейді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің заңсыз ойын бизнесіне қатысты қылмыстық ісі бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, Қызылорда қаласының тұрғыны 33 жастағы Марат Даулетов осы жылдың наурыз-сәуір айларында екі пәтерді жалға алып, заңсыз ойын орнын ашқан.

«Заттай дәлелдеме ретінде танылып, ойын орнынан 20 компьютер, 4 ZOOM ойын аппараты, 1 модем, ақша мемлекет пайдасына өндірілді. Сарапшы қорытындысымен және куәгерлердің жауабымен М.Даулетовтың кінәсі толығымен дәлелденіп, оған сот шешімімен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», - деп жазды департаменттен.

ҚМА азаматтарды патологиялық құмар ойындарға тәуелділіктен қорғау мақсатында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру орындарын анықтау және оларға тосқауыл қою жұмыстарын жалғастырады.