Заңсыз сотталған А.Кәрібаев бостандыққа жіберілді

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - «Бас Прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Соттың қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасының қаулысымен қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылған А.Кәрібаевқа қатысты төменгі сатыдағы соттардың заңсыз

сот актілері бұзылды»,- деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

2011 жылғы 24 қаңтардағы Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен А.Кәрібаев Қылмыстық кодекстің 307-б. 2-т., 314-б. 2-т., 58-б. бойынша 2 жылға, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолдана отырып, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұл үкім Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған.

Өскемен қаласы Өртке қарсы қызмет басқармасының инженері бола жүріп, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, тексеру жүргізбестен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жалған хаттамалар толтырған. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша алдамшы жетістіктерді көрсету үшін ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізгені үшін Кәрібаевты сот айыпты деп таныған.

Сот қаулыларымен келіспегендіктен, сотталушы Бас прокуратураға өтініш түсірген, оны қарау нәтижелері бойынша үкімде келтірілген сот қорытындыларының істің шынайы жағдайымен сәйкес келмегені және заңның қате қолданылып, оның нәтижесі жазықсыз адамды соттауға әкеліп соқтырғаны жөнінде Жоғарғы Сотқа қадағалау тәртібімен наразылық енгізілді.

Жоғарғы Сот Бас прокурордың наразылығының дәлелдерімен толықтай келісті. Жоғарғы соттың Қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасының қаулысымен А.Кәрібаевқа қатысты сот үкімі және апелляциялық сот алқасының қаулысы бұзылды, оның әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс бойынша өндіріс қысқартылды.