18:54, 21 Мамыр 2009
Заңсыз табылған қаржыны заңдастырумен күреске бағытталған заң жобасы Бас комитетке қайтарылды
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Бас комитетке қайтарылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста осы құжат бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор
Рашит Ахметовтің айтуынша, заң жобасы Парламент қабырғасында талқыланып жатқан «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының ережелерінің қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құжат күшіне енген жағдайда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне және Кеден кодексіне, сондай-ақ қаржы мониторингі субъектілерінің қызметін реттейтін заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Отырыста заң жобасын талқылай келе, оған бірқатар өзгерістер енгізу қажет деп тапқан депутаттар, оны Бас комитетке қайтару қажет деп шешті.