Заңсыз жер телімдерін басып алуға жол берілмейтін болды - Алатау ауданының әкімі
16:42, 23 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыдағы атышулы Шаңырақ, Ұлжан, Қарасу шағын аудандарындағы заңсыз жер телімдерін басып алуды реттеу бағытында арнаулы комиссия жұмыс істеуде.
Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру кездесуінде Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде аудан аумағында 27 604 үй бар. Оның 4085-і заңсыз салынған. Аталған комиссияның жұмысы бойынша қазірге дейін заңсыз 2087 үй анықталды. 180 үйдің су, газ қорғау аумақтарына жатпайтыны айқындалып, заңдастыру мүмкіндіктерін қарау үшін құзырлы органдарға жіберілген. Ал жер телімдерін басып алуды тоқтату бағытында Ішкі істер органдары тарапынан арнаулы кезекшілік ұйымдастырылған. Аудан әкімі бұнымен қатар шешілуі тиіс өзекті мәселенің көптігін айтады. Мәселен, тұрғын үйлерді заңдастырумен қатар, балабақша, мектеп, спорт кешендері, мәдениет үйлері, кинотеатр салу, көшелерді асфальттау, жарықтандыру, қоғамдық көліктердің бағыттарын көбейту, газ, су, жарықпен қамтамасыз ету көп көңіл бөлуді қажетсінеді.