Зара Дәркен Париждегі беделді жарыстың жартылай финалына өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Париж қаласында Tennis Europe топтамасына кіретін юниорлар арасында LA BALLE MIMOSA LOIRE-ATLANTIQUE бірінші категориялы жарыс финалының ширек ойындары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарысқа бүкіл әлемнен жиналған 14 жасқа дейінгі ең мықты ойыншылар қатысуда.

Ширек финалда біздің теннисшіміз ауыр күресте 3 cағат 10 минутта жергілікті спортшы Скарлет Херингтонды 5:7, 7:5, 6:0 есебімен ұтты.

Зара екінші сетте 2:5 есебімен ұтылып жатқан және француз теннисшісінің екі матчболы болған.

Алайда, Зараның жеңіске деген талпынысының арқасында ол ұтып қана қоймай, сетті өзіне қайтарып алды. Ал шешуші партияда қарсыласына бір де бір гейм қалдырған жоқ.

Бүгін жартылай финалда Даркен Чехия спортшысы Лаура Самсоноваға қарсы ойнайды.