Зардап шеккен ешкім жоқ: ШҚО жедел штабы өрт жағдайын тұрақты бақылап отыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында арнайы құрылған жедел штаб ірі дала өрттерінің жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов бірнеше күн бойы сөндірілмей жатқан дала өрттерінің жағдайы бойынша жиналыс өткізді.

Жедел штаб дерегінше, бүгінде тоғыз өрттің үшеуі сөндірілген. Тілсіз жаумен күреске барлығы 1167 адам, 123 техника, екі МИ-8 және екі МИ-2 тікұшағы тартылды.

«Ұлан ауданының Тарғын ауылындағы, Глубокое ауданының Каменный карьер кентіндегі және Катонқарағай ауданының Қаратал ауылындағы өрт ауыздықталды. Зардап шеккен ешкім жоқ. Алайда Күршім ауданында жағдай шиеленісіп тұр. Қатты жел өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатуда», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, қызыл жалынның елді мекендерге таралуына тосқауыл қойылды. Алтай ауданында 2 тікұшақ жұмыс істеп жатыр. Барлығы 150 тоннадан астам су құйылды.

«Мен Төтенше жағдай министрімен сөйлестім. Облыстағы жетуі қиын таулы жерлердегі өртті сөндіру үшін бізге тағы 2 тікұшақ жіберілетін болды. Қорыта айтқанда, өрт жағдайы толықтай бақылауда», - деді Даниал Ахметов.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданында дала өртінің беті әлі қайтпағаны хабарланған болатын.