Зарина Дияс Аустралия чемпионатының алғашқы айналымында сүрінді

Фото: None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында өтіп жатқан Аустралия чемпионатының алғашқы айналымында Зарина Дияс румыниялық Сорана Кырстямен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемдік рейтингте С.Кырстя 36-орында тұрса, Зарина 60-ыншы сатыда келе жатқан болатын. Соған қарамастан, матч өте тартысты өрбіді. Бірінші партияда румыниялық теннисші 2:0 есебімен алға шыққанымен, көп ұзамай З.Дияс таразы басын теңестірді. Есеп 5:5 болып тұрған кезде Зарина тағы бір брейк жасап, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда қарсыластар біразға дейін бір-біріне алдырған жоқ. Дегенмен С.Кырстя 6:4 есебімен басым түсті.

Үшінші, шешуші партияда З.Дияс қарсыласып баққанымен, румыниялық теннисшінің шеберлігі басымдау болды. Әсіресе, соңғы геймде төрт матчболдан кейін Зарина брейк-пойнтты пайдалана алмады. Сөйтіп бесінші матчболын құр жібермеген С.Кырстя 6:3 есебімен жеңіске жетті. Тартысты өткен кездесу 2 сағат 19 минутқа созылды.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Юлия Путинцева бүгін алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 68-інші орында тұрған Ұлыбритания елінің өкілі Хитер Уотсонмен шеберлік байқасады. Аустралия чемпионатында Қазақстаннан тек Ю.Путинцева ғана қалды.

Ерлер арасындағы сында Қазақстаннан жалғыз қатысқан әлемнің 69-ыншы ракеткасы Михаил Кукушкин де бірінші айналымнан аса алмай, дүниежүзілік рейтингте 62-інші орында тұрған германиялық Петер Гоевчикке 3:6, 3:6, 1:6 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, З.Дияс үшін 2014 және 2015 жылғы Австралия чемпионаттары біршама сәтті болған еді. Онда Зарина үшінші айналымға дейін жетіп, сәйкесінше әлемнің қазіргі және бұрынғы бірінші ракеткалары, румыниялық Симона Халеп пен ресейлік Мария Шараповаға жол берген болатын. 

Фото prosports.kz

Соңғы жаңалықтар