Зарина Дияс Испаниядағы тағы бір турнирді жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 274-ракеткасы Зарина Дияс Пальма-дель-Рио (Испания) ITF W50 турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 250-орында тұрған португалиялық Матилде Жоржемен өткізді.
Зарина 6:3, 6:1 есебімен қарсыласын ойсырата ұтты.
Ойын сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Зарина Дияс ширек финалға шығу үшін әлемнің 551-ракеткасы, чехиялық Тереза Мартинцовамен таласады. Ол алғашқы айналымда тартысты матчта рейтингіде 392-сатыдағы Польша өкілі Мартина Кубканы жолдан тайдырды – 6:4, 7:6 (9:7).
Қазақстандық теннисші осыған дейін Таусте (Испания) ITF W35 жарысының жеңімпазы атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ұлыбританиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.