АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 275-ракеткасы Зарина Дияс Таусте (Испания) ITF W35 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 2-ракеткасы З.Дияс екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 387-орында тұрған Польша өкілі Мартина Кубкамен өткізді.
Тартысты өрбіген бірінші сетте тай-брейкте Зарина табандылық танытты – 7:6 (7:3). Екінші сетте де қазақстандық теннисші басым болды – 6:3. Бәсеке 1 сағат 54 минутқа созылды.
Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін әлемнің 337-ракеткасы, 21 жастағы ресейлік Полина Яценко немесе рейтингіде 408-сатыдағы мексикалық Виктория Родригестің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Берлин турнирінде Рыбакинаның туған күнінде америкалық теннисшіден есе қайырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).