Зарина Дияс Ноттингем турнирінде бақ сынайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс 8-14 маусым аралығында Ұлыбританияның Ноттингем турнирінде өтетін халықаралық турнирде бақ сынайды.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Зарина алғашқы айналымда итальяндық тәжірибелі теннисші, 2010 жылы «Ролан Гаррос» турнирін ұтқан Франческа Скьявонемен шеберлік байқасады. Уимблдон турниріне дайындық болып есептелетін аталмыш жарыстың жүлде қоры - 250 мың АҚШ доллары. Ноттингем турнирінің бірінші ракеткасы - поляк қызы Агнешка Радьванска. Еске сала кетейік, кеше мәреге жеткен «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында З.Дияс бельгиялық Алисон ван Уйтванктен жеңіліп қалған болатын. Одан кейін де сәтті өнер көрсеткен бельгиялық теннисші ширек финалға дейін жетті.