НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Ноттингем WTA 250 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған З.Дияс көгал төсенішінде өтіп жатқан жарыстың үшінші айналымында әлемнің 46-ыншы, осы доданың 4-ракеткасы, қытайлық Чжан Шуаймен күш сынасты.
Бірінші партияны қытайлық теннисші брейкпен бітірді – 6:4.
Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте Ч.Шуай брейк жасап кетті. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 11 минутқа созылды.
Қытайлық спортшы жартылай финалға шығу үшін әлемнің 61-ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичпен таласады. Ол тартысты матчта рейтингте 110-сатыдағы америкалық Кэти Макналлиді 7:6 (8:6), 1:6, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Алматы турнирінің ширек финалына, қазақстандық жұптың тұңғыш рет Ролан Гаррос жарысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Недовесов жұптық сында Братислава турнирінің жартылай финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).