ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 246-ракеткасы Зарина Дияс Порту (Португалия) челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Іріктеу сынында бірінші ракетка болып тіркелген қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 1 423-орында тұрған португалиялық Ана Филипа Сантоспен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Зарина 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде тіпті дес бермеді – 6:0.
Бір сағат 3 минутқа созылған бәсекеде Дияс 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Сантос 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Зарина Дияс іріктеу сайысының финалында рейтингіде 308-сатыдағы белоруссиялық Алена Фалеймен ойнайды. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Уимблдон турнирінің финалында сирек нәтиже тіркелгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).