АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Дияс Рабат (Марокко) турнирінің алғашқы айналымында италиялық Сара Эрранимен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
С.Эррани дүниежүзілік рейтингте 89-ыншы орында тұрғанымен, аса тәжірибелі теннисші. Сондықтан оның осал қарсылас еместігі анық-ты.
Бірінші партияда Зарина брейк жасап, 3:1 есебімен алға шыққанымен, басымдылықты пайдалана алмады. Көп ұзамай С.Эррани ойын тізгінін қолға алып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партия да тартысты болып, алдымен С.Эррани алға шығып, кейін қазақстандық теннисші таразы басын теңестіре алды. Әйтсе де есеп 3:3 болып тұрған мезетте италиялық теннисші қайта брейк жасады. Сөйтіп бұл жолы да ол 6:4 есебімен басым түсті. Кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды.
Осылайша Рабат турнирі З.Дияс үшін де сәтсіз болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы Рабат турнирінде тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцеваның, содан кейін Мюнхенде Михаил Кукушкиннің бірінші айналымнан аса алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).