АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Штутгарт турнирінің екінші айналымында қазақстандық Зарина Дияс әлемнің бесінші ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 52-інші орында тұрған Зарина бірінші партияда Ролан Гаррос турнирінің өткен жылғы жеңімпазына барынша қарсыласып бақты. Әйтсе де есеп 4:3 болған мезетте Е.Остапенко брейк жасап, одан кейін бой бермеді. Сөйтіп ол бұл партияны 6:3 есебімен аяқтады. Екінші партияда латвиялық теннисші бірде-бір геймді берген жоқ. Есеп - 6:0.
Заринаның бұлайша жеңілуіне оның осы турнирде іріктеу сайыстарын қосқанда, қатарынан бес кездесу өткізуі де әсер етпей қалған жоқ. Ал Е.Остапенко тыңнан қосылып, бүгін алғашқы ойынын өткізді.
Еске сала кетейік, З.Диястың кеше Штутгарт турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).