Зарина Дияс спорттық жолындағы алғашқы миллион долларына қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Зарина Дияс өз спорттық жолындағы бірінші миллион доллар жүлделік ақшаға қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Спортшы миллионға «Ролан Гарростағы» ойынынан кейін қол жеткізе алды. Жарыстың бірінші айналымынан өткен Дияс екіншісінде бельгиялық спортшы Элисон ван Эйтванктан жеңіліп қалды. Бәсекенің екінші айналымы үшін жүлде сомасы 60 мыңға жуық долларды құраған. Қазіргі кезде теннисші қыздың ұтып алған жүлделік ақшасы 1 миллион 46 мың долларды құрап отыр.

Атап өтейік, қазақстандық теннисші әйелдер арасында ең ең көп ұтып алған қаржы Ярослава Шведоваға (4,3 миллион доллар) тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша Шведова мансап жолында ең көп жүлделік ақша сомасын жинаған ойыншылар «жүздігінде» 79-шы орын алып отыр. Аталған тізімді әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямс (70 миллионға жуық доллар) бастап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Зарияна Дияс Уимблдон жарысының төртінші айналымына дейін жеткен, ал ағымдағы маусымда Australian Open жарысында екі айналымнан өтті.