АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 488-ракеткасы Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің финалына өтті.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 485-орында тұрған ресейлік Екатерина Маклакованы айқын басымдылықпен ұтты – 6:1, 6:2.
Бір сағат 6 минутқа созылған ойын барысында Зарина 6 брейкке қол жеткізді. Маклакова 2 брейктен аса алмады.
Бүгін осының алдында З.Дияс ширек финалда түркиялық Дениз Дилекті ойсырата ұтқан еді – 6:0, 6:2.
Зарина Дияс финалда әлемнің 224-ракеткасы, Беларусь өкілі Алена Фалей немесе рейтингіде 338-сатыдағы болгариялық Изабелла Шиникованың қай жеңгенімен чемпиондық атақ үшін таласады.
Жарақатына байланысты екі жылдық үзілістен кейін кортқа биыл оралған қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 418-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Түркиядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).