АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 488-ракеткасы Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ширек корт иесі Дениз Дилекпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Зарина бет қаратпады - 6:0. Екінші сетті де көпке ұзатпады - 6:2.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Зарина 7 брейк жасап үлгерді. Дилек 2 брейкпен көзге түсті.
Зарина Дияс финалға шығу үшін рейтингіде өзінен үш саты жоғары тұрған ресейлік Екатерина Маклаковамен таласады. Ол бір сағат 50 минутта әлемнің 249-ракеткасы, словениялық Далила Якуповичтен айласын асырды - 1:6, 7:6 (7:0), 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың өзінің туған күнінде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Недовесов Бельгиядағы жарыстың финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).