Зарина Дияс Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады
ЛОНДОН. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 967-ракеткасы Зарина Дияс Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Бір кездері әлемдік рейтингіде 31-орынға дейін көтерілген қазақстандық теннисші жарақатына байланысты кортқа екі жылдық үзілістен кейін биыл оралған еді.
Заринаның «Үлкен дулыға» жарыстарындағы басты табыстары осы Уимблдонға байланысты екенін айта кетейік. Ол 2014 және 2015 жылдары төртінші айналымға дейін жеткен болатын.
Бұл жолы Дияс іріктеу сайыстарының ширек финалында әлемнің 208-ракеткасы, таиландтық Мананчэйа Савангкаевпен кездесті. Брейк алмасумен басталған матчта Зарина 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Отандасымыз 1 сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың 8-ін пайдаланды. Таиландтық теннисші 2 эйс, 6 брейкпен (11 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Зарина Дияс іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін әлемнің 138-ракеткасы, америкалық Сачия Викеримен таласады. Ол рейтингіде 230-орындағы Солтүстік Македония өкілі Лина Джерческаны тізе бүктірді — 7:6 (7:1), 7:6 (7:5).
Қазақстанның бірінші және екінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева осы аптада ешқандай додада өнер көрсетпейді. Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания), Путинцева Бад-Хомбург (Германия) жарысына қатысудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық үш теннисшінің Уимблдон турнирі іріктеу кезеңінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.