АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда теннистен өтіп жатқан Уимблдон турнирінде қазақстандық теннисші, әлемнің 130-шы ракеткасы, 1993 жылғы Зарина Дияс бүгін дүниежүзілік рейтинтге одан бес саты кейін, 135-інші орында тұрған, өзінен екі жас үлкен хорватиялық Петра Мартичпен кортқа шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Myscore.ru сайтынан тікелей көрсетілімде мәлім болғанындай, тартысты өткен бірінші партияда бар мәселе тай-брейкте шешілді. Мұнда хорватиялық теннисші 8:6 есебімен басым түсті. Екінші партияда өз геймдерін сәтті өткізіп, екі мәрте брейк жасаған П.Мартич 5:0 есебімен алға кетті. Ал Зарина өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Тек бір ғана геймді өз пайдасына жазғанымен, 1:6 есебімен ұтылып қалды.
Осылайша, жекелей сында Уимблдон турнирінде Қазақстаннан ешкім қалған жоқ. Дегенмен, өткен жылы жарақат алып, биыл ғана осындай ірі жарысқа қосылған З.Диястың Уимблдон турнирінің үшінші айналымына дейін жетуін табыс деп бағалауға болады. Ал П.Мартич төртінші айналымда турнир барысында дүниежүзілік рейтингте үшінші орында келе жатқан чехиялық Каролина Плишкованы жолдан тайдырған әлемнің 87-інші ракеткасы, словакиялық Магдалена Рыбариковамен күш сынасады.
Еске сала кетейік, Зарина Дияс 2014 және 2015 жылдары Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін барып, әзірге спорттық жолындағы ең үздік көрсеткішіне қол жеткізген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).