АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс үздік 60 теннисшінің қатарына енді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингінде Зарина бірден алты сатыға көтеріліп, 60-ыншы орынға жайғасты. Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева бұрынғыша 50-інші орында келеді.
Әлемдік рейтингтің көшін румыниялық Симона Халеп бастаса, содан кейінгі екінші, үшінші орынды даниялық Каролин Возняцки мен испаниялық Гарбинье Мугуруса бөлісуде.
Еске сала кетейік, Қытайдың Шэньчжэнь қаласында қаласында өткен халықаралық турнирде З.Дияс ширек финалға дейін жетіп, ресейлік Мария Шараповаға жол берген болатын.
Ал кеше Хобарт (Австралия) турнирінде жапониялық Наоми Осаканы ұтқан Юлия Путинцева екінші айналымда осы жарыстың бесінші ракеткасы, украиналық Леся Цуренкомен күш сынасады.
Фото prosports.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).