АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші, әлемнің 100-інші ракеткасы Зарина Дияс халықаралық Токио турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Myscore.ru сайтынан тікелей көрсетілімде белгілі болғанындай, Зарина финалдық бәсекенің бірінші партиясында әлемдік рейтингте 171-інші орында тұрған қарсыласы, жапониялық Мию Катодан 6:2 есебімен басым түсті. Екінші партия әлдеқайда тартысты өрбіді. Есеп 5:5 болған кезде қазақстандық теннисші брейк жасап, алға шықты. Бұдан кейін Зарина өз геймін бермей, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 19 минутқа созылды.
Бұл - Заринаның спорттық жолындағы WTA турниріндегі алғашқы жеңісі. Ол осыған дейін 2014 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен халықаралық турнирде австралиялық теннисші Саманта Стосурға финалда есе жіберген болатын.
Еске сала кетейік, Токио турнирінің жүлде қоры 226 750 АҚШ долларын құрайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).