Зауыттағы жасанды интеллект: ел өндірісін алда не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өндірісті жаңа деңгейге көтеру үшін мемлекет, бизнес және университеттер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар елге Industry 4.0 және Industry 5.0 технологияларын меңгерген инженерлер қажет. Бұл туралы Nazarbayev University Инженерия мектебі деканының міндетін атқарушы профессор Эссам Шехаб айтты.

Фото: Камила Мүлік/Kazinform

Оның пікірінше, Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Ендігі міндет — цифрлық технологияларды өндірістік процестерге кеңінен енгізу.

— Қазақстан — цифрлық ел. Бірақ цифрландырудағы осы жетістіктерді нақты өндірісте қолдануымыз керек. Қазір Назарбаев университетінде өндірістік процестерге арналған цифрлық технологиясын дамытып жатырмыз. Бұл — Industry 4.0 бағыттарының бірі, — деді Эссам Шехаб.

Цифрлық технологиясы өндірістік процестің виртуалды моделін жасайды. Мұндай технология арқылы өндірістегі процестерді бақылауға, модельдеуге және олардың тиімділігін арттыруға болады.

Профессордың айтуынша, әлемдік өндіріс қазір Industry 4.0 кезеңінен әрі қарай жылжып, Industry 5.0 технологияларын енгізуге кірісті. Бұл процесте жасанды интеллект, машиналық оқыту, өндірістің виртуалды моделін жасау және автоматтандыру маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар жасанды интеллектінің өндіріс саласы үшін тәуекелдері де бар. Эссам Шехабтың пікірінше, кәсіпорындар технология енгізу кезінде өздерінің өндірістік білімі мен деректерінің қауіпсіздігіне мән беруі керек.

Фото: NU университетінің баспасөз қызметі

— Кейбір компаниялар қазір өздерінің жасанды интеллект жүйелерін құруға тырысып жатыр. Қазақстандағы кәсіпорындар да осы бағытты қарастыруы керек. Компаниялар арасындағы байланыс, жеткізу тізбегі және өндірістік білім сақталуы тиіс, — деді ол.

Ғалым өндірістің тұрақты дамуы үшін үш негізгі тараптың — мемлекет, университет және бизнестің — бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті. Профессордың айтуынша, инженерлік білім берудің сапасы өндірістің болашағына тікелей әсер етеді. Назарбаев университетінің Инженерия мектебінде білім алған студенттерге еңбек нарығында сұраныс жоғары екенін атап өтті.

— Біздің студенттерге компаниялар жұмыс ұсыну үшін өздері іздейді. Инженерия мектебінде студенттердің жұмыспен қамтылу деңгейі шамамен 100 пайызға жетеді. Кейбір студенттер шетелге барып, магистратура немесе PhD бағдарламаларында білім алып, кейін елге қайтып келеді. Бұл — біздің болашағымыз, — деді Эссам Шехаб.

Ғалымның сөзінше, Қазақстанда жүргізіліп жатқан халықаралық ғылыми жобалар елдің өндірістік зерттеулердегі мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Қазақстандық ғалымдар АҚШ, Канада, Австралия және басқа елдердің зерттеушілерімен бірлескен жобаларға қатысып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін, елімізде қандай жаңа өндірістер, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар ашылатынын жазған едік