Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайларына қатынайтын ұшақтар сатып алынбақ
ПАРИЖ. KAZINFORM — Парижде ИКАО Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (EURNAT-DGCA) азаматтық авиация бас директорларының кеңесінде ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның ATR Еуропа мен Орталық Азиядағы сату жөніндегі вице-президенті Жером Габоримен кездесуі өтті. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.
Кездесу барысында тараптар өңірлік әуепаркті жаңарту саласындағы ынтымақтасты, ATR заманауи турбовинтті әуе кемелерін жеткізу мүмкіндіктерін, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету, персоналды оқыту мәселелері талқыланды. Скат әуе компаниясы бұл ұшақтарды құрылысы жүріп жатқан үш жаңа Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайларына рейстерді орындау үшін сатып алуды қарастырады.
Сондай-ақ кездесуде тұрақты даму және отын тиімділігін арттыруға және көміртегі ізін азайтуға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу тақырыбына ерекше назар аударылды. Кездесу соңында тараптар еліміздің авиация саласын одан әрі дамыту аясында бірлесе жұмыстануға ниет білдірді.
ATR – 1981 жылы құрылған француз-итальяндық авиациялық техника өндірушісі. Штаб-пәтері Тулузада (Франция) орналасқан. ATR42 және ATR72 турбовинтті аймақтық жолаушылар ұшақтарын шығарады. Компания аймақтық турбовинтті ұшақтарды (40-тан 74 орынға дейін) өндіруде көшбасшы.
Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі балалармен ұшуға қандай талаптар мен жеңілдіктер ұсынылатынын айтқан еді.