Зайсан көлінде балық қырылмас үшін мұз ойылып жатыр

Фото: Видеодан скрин

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде оттегінің жетіспеушілігінен балықтың жаппай қырылуына жол бермес үшін аэрациялық жұмыстар қолға алынды.

Жұмыстар көлдің сол жағалауында, яғни Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылы маңындағы «Соленое» учаскесінде басталды. Мұнда Зайсан балық инспекциясының қызметкерлері мен еріктілер мұзды арнайы құралдармен бұрғылап, ойықтар жасады.

Осындай ойықтар арқылы суға ауаға кіріп, мұз астындағы оттегінің қажетті деңгейі сақталады.

— Бұл шара дәстүрлі түрде қыстың соңында жүргізіледі. Дәл осы кезеңде су айдындарында оттегі тапшы болып, балықтың жаппай қырылу қаупі туындайды, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Жұмыс барысында бұрғыланған ойықтарға қамыс шоқтары орнатылады. Олар оттегінің суға біртіндеп өтуіне мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, осындай алдын алу шаралары өңірдің су айдындарында жыл сайын өткізіледі. Әр қыста мұзға арнайы техниканың көмегімен мыңдаған ойық жасалады.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада қармақпен балық аулау чемпионаты өткені жайлы жазғанбыз.