Іздеудегі Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Германияда ұсталды

Фото: qamqor.gov.kz/criminals

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Халықаралық іздеуде жүрген Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германияның Фюрт қаласында ұсталды. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оны Интерпол желісі бойынша халықаралық ынтымақтастық аясында Германия құқық қорғау органдары қамауға алды.

— ҚР ІІМ Интерпол ҰҚБ-ның сұрауы бойынша Фюрт қаласында халықаралық іздеуде жүрген азамат Д. ұсталды. Іздеудегі тұлғаны неміс құқық қорғау органдары Интерпол желісі бойынша халықаралық ынтымақтастық аясында анықтап, қамауға алды, — деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Ведомство жазадан бұлтармауды қамтамасыз ету үшін шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жалғасып жатқаны атап өтілді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокурорына іздеу салынғанын жазғанбыз.