Зекетті терминал арқылы аударуға болады

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Атырау облыстық «Иманғали» орталық мұсылмандар мешітінің  ұйымдастыруымен жуырда садақа беремін деушілерге арналып ОСМП (Qiwi) арнайы төлем терминалдары орнатылды,

деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен.

Бұл «Зекет» қорына қаражат аударуды жеңілдету мақсатында жасалып отырған, әрі еліміздегі мешіттердің ішінде Атырау қаласындағы «Иманғали» орталық мешіті алғашқы болып жүзеге асырып отырған игі бастама. Енді жеке және заңды тұлғалар қордың есеп-шотына банк арқылы қаржы аударумен қатар, зекетін терминалдар арқылы да аудара алады.

«Бұл Исламның бес парызының бірі - зекет ғибадатын орындап, ресми әрі сенімді қаражат аудару мүмкіндігі. Осылайша бес уақыт намазға және қасиетті Жұма намазына келген халық қалаған уақытында Зекет қорына еш қиындықсыз, уақытқа тәуелді болмай ақша аудара алады. Алла Тағала баршамыздың зекетімізді қабыл еткей!», - делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратында.