Зеленов ауданында биыл әлеуметтік салада 3,5 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылмақ- БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданында биыл әлеуметтік сала нысандарын салу мен жөндеуге, жол құрылысына 3,5 млрд теңге жұмсалмақ.

Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аталмыш ауданға жұмыс сапары кезінде белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудан орталығы Переметный кентінде дене шынықтыру-спорт кешені бой көтеруде. Ал кезінде Приурал (кейін Зеленовқа қосылған) ауданының орталығы болған Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық жаңа мектеп салынуда. Осында ауылдық мәдениет үйі де күрделі жөнделетін болады. Володар ауылында орталық су құбыры қайта жаңғыртылуда (ауданда 2017 жылы барлығы бес елді мекен орталықтандырылған су көзіне қосылмақшы). Өңір басшысы аталмыш нысандарда болып, құрылыс барысымен танысты. Облыста салынып жатқан білім ордасының бірі Дариян ауылындағы қазақ орта мектебі екені мәлім. Оны тұрғызып жатқан «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС басшысы Валентина Михно мектеп құрылысына (жалпы құны 1 млрд теңге) биыл 400 млн теңге бөлінгенін, оны мерзімінде аяқтау үшін тағы 200 млн теңге керектігін жеткізді. Облыс басшысы тиісті қаржының берілетінін, ең бастысы, оны мерзімінде игеріп, жұмысты сапалы атқару қажеттігін атап көрсетті. Сол секілді 1976 жылы салынған ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп қана қоймай, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар алынатын болады. Оған қоса қараусыз қалған ауыл стадионын келесі жылы қайта құру үшін аудан әкімі Кәрім Жақыповқа жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттама жасау тапсырылды.

Ауданда жол жөндеу жұмыстары да қызу жүргізілуде. Переметныйда 10, Дариянда 8 көшеге қоса биыл Орал-Кирсанов автожолын жөндеу мәреге жететін болады. Жалпы ұзындығы 48 км бұл жолдың 32 шақырымы 2015-2016 жылдары жөнделген болса, қалған 15 шақырымын ретке келтіруге биыл 900 млн теңге бөлінді. Мердігер ұйым «Бірлік» ЖШС жолды мерзімінен бұрын, қарашада емес, тамызда бітіруді көздеп отыр.

«Жол мәселесі облыс үшін өте өзекті болып отыр. Биыл Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бұл мақсатқа әлдеқайда көп қаржы бөлінді. Айталық, өткен жылы 23 млрд теңгеге 280 км жол жөнделген болатын. Биыл 470 шақырымнан астам жолды жөндеуге 36 млрд астам теңге қаралды. Соның ішінде 200 шақырымнан астамы - республикалық маңызы бар жолдар. Биыл Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы жолдың 86 шақырымы күрделі жөнделіп бітеді. Қалған 18 шақырымы 2018 жылы аяқталады. Сонымен қатар шалғайдағы Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол тарту ойластырылуда. Биыл Жалпақталдан әрі қарай Қазталов бағытындағы жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, келесі жылы жөндеу жұмысы басталатын болады», деді Алтай Көлгінов.

Өңір басшысы Чинарев кенішін игеріп жатқан «Жайықмұнай» ЖШС-да да болды. Мұнда жыл басынан бері 104 мың тонна мұнай және 492 млн текше метр құрғақ тауарлы газ өндірілген. 1991 жылы ашылған кеніште қазіргі кезде жылына 2,5 млрд текше метр газ өндіре алатын №3 газды кешенді даярлау қондырғысы салынуда.