«Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ-ы мен Кембридж университетінің арасында меморандумға қол қойылды

None
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ-ы мен Кембридж университетінің арасында қарым-қатынас және ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл ақпаратты аталған холдингтің баспасөз қызметі таратып отыр.

Меморандумның мақсаты - жаңа ақпараттық технологияларды ендіру саласында тәжірибе алмасу үшін әріптестік қарым-қатынасты ретке келтіру.

Меморандумға «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Әділбек Сәрсенов пен Орталық Азия бойынша Кембридж форумының төрағасы, профессор Сидхарт Саксена қол қойды.

«Тараптар ынтымақтастыққа мүдделі және бірлескен IT-жобаларға қатысу үшін күштерді біріктіруге дайын екендігін білдірді. Қол қойылған меморандум шеңберінде, ортақ қазақстан-британдық кәсіпорнын құру арқылы Қазақстанның ақпараттық-коммуникациясы саласында Кембридж университетінің инновациялық зерттеулерін енгізуді ұйымдастыру жоспарлануда. Ортақ кәсіпорын Кембридж университеті мен оның технопарктері жанындағы қолданыстағы венчурлық қорлардың желілерін қолдану арқылы, батыс нарығында қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде», делінген баспасөз баянында.

Қазіргі уақытта Кембридж университетінде электроника, компьютерлік технология, бағдарламалық қамтамасыз ету, телекоммуникация, биотехнология, аспап және машина жасау салаларында өзінің жетістіктерімен белгілі екі ғылыми-технологиялық парк жұмыс істейді. Қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы Меморандумды жасау, тараптарға өзара тиімді ынтымақтастық жолдарын дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік береді.