«Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы өткізіледі. Бұл туралы Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Астана әкімдігі

— Тағы бір маңызды мәселе, кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуміз керек. Мен өткен аптада «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты — ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсыратынын атап өтті.

— Сонымен қатар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі. «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады. Бұл жұмысқа тұтас қоғаммен бірге мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері, әсіресе кітапханашылар, баспагерлер белсене атсалысады деп ойлаймын, — деді Президент.

Бұған дейін Президент дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздарға «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындайтынын жазған едік.