Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен келген спортшылармен қатар, Ресей, Германия, Польша, Италия, Словения, Венгрия, Ұлыбритания, АҚШ, Беларусь және Өзбекстаннан қатысушылар келді.
World Athletics талаптарына сай сертификатталған көркем маршруттар Зеренді көлінің маңындағы асфальтталған жолдармен, орман мен қыраттардың арасымен өтті. Қатысушылар күзгі табиғаттың ерекше көрінісін тамашалап, жарыстың атмосферасын сезінді.
Ұйымдастырушылар қатысушылардың түрлі деңгейдегі дайындығын ескеріп, алты түрлі қашықтық дайындады. Бағдарламада балалар жарысынан бастап, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, күрделі 30 шақырымдық Hills жүгіруі және скандинавиялық жүріске арналған Nordic Walk бағыты болды.
— Жалпы, облыс басшылығы тарапынан бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы бір жылдың ішінде облыс аумағында 50-ден астам балалар спорт алаңы, сондай-ақ 13 ірі спорт нысаны салынды. Оның жетеуі ауылдық жерлерде орналасқан, — деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.
Жарыстың 10 шақырымдық қашықтығында бірінші болып мәреге жеткен Ерлан Тайтлеуов те жеңісін күтпегенін айтты.
— Мен Астанадан келдім, бұл мен үшін күтпеген нәтиже болды. Негізінен шаңғы спортымен айналысамын, ал соңғы үш-төрт жылда марафондарға белсенді қатыса бастадым. Бастапқы мақсатым үздік бестікке кіру еді. Алайда мәреге жақындағанда адреналиннің әсерімен қарқын қосып, бірінші болып келдім. Осындай көрікті жерде жүгіру — екі есе ләззат, — деді Ерлан Тайтілеуов.
Ол ұйымдастырушылар мен жарысқа қатысқан спортшыларға тамаша атмосфера үшін алғысын білдірді.
Зеренді марафонының жыл сайынғы қатысушылар санының артуы бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Жарысқа әртүрлі жастағы белсенді өмір салтын ұстанушылар қатысып келеді. Спортта жас шектеуі жоқ екенін 77 жастағы ең егде қатысушының жарысқа қатысуы да дәлелдеді.