Зеренді ауданында күн сәулесін өндірісте пайдалану қолға алынды
13:50, 18 Қыркүйек 2010
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының «Викторовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күн сәулесі стансысын пайдалану қолға алынды.
Серіктестік басшысы Владимир Андрюхиннің айтуынша, ендігі күні тағам дайындау цехында су мен нысанды жылыту күн сәулесімен жүзеге асырылмақ. Соған орай облыс орталығындағы «POLYSET» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, орнатып та берген. Нәтижесінде мұнда жылы суға жұмсалатын шығын үштен бірге, жылыту жүйесі бойынша 30 пайызға арзандайтын болады. Фирма жетекшісі Евгений Ивлевтің пайымдауынша, бұған дейін осындай қондырғылар Сандықтау ауданының Максимовка ауылында, Көкшетау қаласында өндіріс орындары мен коттедждерге орнатылған. Алдағы уақытта күн сәулесі электр қуатын пайдалану жылыжайларда, шалғай бригадалар қостарында, өндірістік технологияда кеңінен қолданылатын болады.