Зерендіде байкерлердің «Road Freedom Fest» фестивалі өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында байкерлердің «Road Freedom Fest» фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Visit Aqmola» туристік ақпарат орталығының мәліметінше, бұл жолы байкерлер жылдағы дәстүр бойынша Зеренді ауданының Елікті тау шаңғысы базасында бос қосты. Шараға Ақмола облыстық туризм басқармасы, сондай-ақ, Елікті тау шаңғы базасының әкімшілігі мен «Роад Бразерс» байкерлер клубы ұйытқы болды.

«Мотоклубтың алға қойған мақсаты - туристерді барынша көптеп тарту арқылы өңірдің туристік әлеуетін арттыру. Елікті саябағында өтетін фестивальге қатысушылар екі күн бойы мәдени шараларды тамашалады, алғашқы күні әуесқойлар арасында күш экстримінен Солтүстік Қазақстан кубогі сарапқа салынды. Бұдан бөлек, Нұр-Астана, Көкшетау, Қарағанды және Атбасар қалаларынан келген «Джарайд», «Перифирия», «Времена года», Бенд «Рубикон» тәрізді вокалды-аспапты ансамбльдер мен «Ангелы Тьмы» және Та «Бенд» рок топтарының концерті ұйымдастырылды», дейді «Visit Aqmola» туристік ақпарат орталығының баспасөз қызметінен.

Фестивалдің екінші күні Мотокростан ҚР Чемпионатының бесінші кезеңі және мотоспортшылар арасында ашық кубогі өтті.

Фестиваль барысында оның қонақтарына шатыр лагері тігіліп, «Elikti Park» демалу базасында жайлы номерлер ұсынылды. Бұдан бөлек, тамақтану орындары мен естелік сыйлықтар, мото және рок атрибуттарын саудалайтын сөрелер жұмыс істеді. Жалпы, фестивальге қатысушылар «Elikti Park» демалу базасында жайлы демалуы үшін жағдай жасаған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.