КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауданында орман өрті сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев пен ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағымен орманды дала алабын әуеден бақылап шықты.
«Ұшу барысында сағат 15:05 шамасында Зеренді ауданындағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің саңырауқұлақ орманшылығының аумағында орман өрті анықталды. Сол себепті аймақ басшысы отырған тікұшақ өрт шыққан жерге қонып, бортта болғандар қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. Алайда 20 м/с екпінді жел өрттің өршу қаупін арттырды. Дереу оқиға орнына «Көкшетау» МҰТП, «Викторовка» ЖШС, Айдабол спирт зауытынан және Ақмола облысы ТЖД барлығы 30-дан астам адам және 7 бірлік техника тартылды», - деді ведомстводан.
Әкімдіктің баспасөз қызметі атап өткендей, жедел қимылдың арқасында өрт сағат 15:35-те оқшауланып, 16:00-де сөндірілді.
«Орманды алқаптарды әуеден бақылаудың артықшылықтары бар. Бүгін соған көз жеткізіп отырмыз. Әуеден бақылаудың арқасында өртті дер кезінде байқап, таралуына жол берілмеді», - деді Ермек Маржықпаев.
Осыған дейін Қорғалжын қорығындағы өрт сөндірілгенін жазған едік.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.