Евгения өз ұжымында үлкен беделге ие.
«Орманшы болу деген ерлердің жұмысы ғой, негізі. Бірақ Женя нәзікжанды болса да, өз қызметіне адал. Тапсырылған істі тап-тұйнақтай қылып орындайды. Евгенияның анасы да бізде еңбек еткен болатын. Әкесі де осында жұмыс істейді. Орманшы Евгения көліктің кезкелген түрін тізгіндей алады. Оның өз жұмысына деген адалдығы мен тиянақтылығына қарап, құдды бір әскери адам дерсің», дейді «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының директоры Көшпай Мұқанов.
Евгения негізі орманшылар отбасынан шыққан. Әкесінің қасында жүріп, табиғаттың әдемілігіне тамсанған ару ақырында орманшы болуды ұйғарады. «Мен отбасымды қалай жақсы көрсем, өз жұмысым да мен үшін сондай қымбат. Маған мұнда барлығы ұнайды. Таза ауа, ну орман. Оның үстіне атам мен әжем де - осы орман шаруашылығының негізін қалағандар. Орманшы болу - әйел адамға оңай емес», дейді Зеренді орман шаруашылығының аға шебері Евгения Светличная.
Евгенияның ендігі арманы орман шаруашылығының ескі кеңсесін мұражайға айналдыру. Ал одан кейін, әрине, ана ретіндегі арманы - өсіріп отырған қос ұлының ер жетіп, орманшылар әулетінің ата кәсібін жалғаса дейді.