Зергерлік бұйымдардың көбі сынамасыз сатылады – Қуаныш Елікбаев

Қазақстанда сатылатын зергерлік бұйымдардың көпшілігінде сынама жоқ. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

«Зергерлік бұйымдарды сату маңызды мәселеге айналды. Кез келген азамат зергерлік бұйымдар сатып алады, алайда оның қазақстандық таңбасы болуы керек. Сатуға шығарылған зергерлік бұйымдардың сынамасы расталып әрі сараптамадан өтуі тиіс», - деді Қуаныш Елікбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, келесі жылы кешенді тексеру жұмыстары жүргізіледі.

«Тауар біздің елімізде сараптамадан өтпеген. Осындай 36% заңбұзушылық жойылды. Олардың сынақтан өтпегені расталды және мемлекеттік органдарға хабарлай отырып, зергерлік бұйымдарды сату тоқтатылды. Дегенмен зергерлік бұйымдарды сатушылардың 654 субъектісі талапты орындамады. Сондықтан келесі жылы кешенді тексеру жүргіземіз», - дейді комитет басшысы.