Сьерра-Леоненің Коно округінде алмаз іздеумен айналысатын мыңдаған адам күн сайын өзен жағалаулары мен карьерлерде қиыршық тас пен топырақты електен өткізіп, бағалы тас табуға үміттенеді. Алайда соңғы жылдары табиғи алмаздарға сұраныстың төмендеуі олардың табысын күрт азайтқан.
Коно округіндегі шағын кеніш бригадирі Дэниелдің айтуынша, кейде кеншілер бір жыл бойы жұмыс істеп, бірде-бір алмаз таппайды.
– Кейде тұтас бір жыл еңбек етсең де ештеңе таппайсың. Алмаз табу – Құдайдың қалауымен болатын нәрсе. Біз үмітпен өмір сүріп келеміз, – дейді ол.
Өткен жылы Сьерра-Леонедегі ең ірі Koidu Holdings алмаз кеніші жұмысын тоқтатты. Ресми түрде бұған еңбек дауы мен қауіпсіздік мәселелері себеп болғанымен, сала өкілдері әлемдік нарықтағы дағдарыс шешуші фактор болғанын айтады.
Соңғы төрт жылда табиғи өңделген алмаздардың бөлшек саудадағы бағасы шамамен 40 пайызға арзандаған. Бұған зертханада өндірілетін алмаздардың жаппай таралуы әсер еткен.
Мұндай алмаздар кристалданған көміртектен жасалады және химиялық әрі физикалық қасиеттері жағынан табиғи алмаздардан іс жүзінде айырмашылығы жоқ. Негізгі өндіріс Үндістан мен Қытайда шоғырланған. Бағасы табиғи баламалардан шамамен 70 пайызға арзан.
Коно округінің губернаторы Огастин Шеко табиғи алмаздар құнының төмендеуі өңір экономикасына қатты әсер еткенін айтты.
– Бағаның құлдырауы кеншілердің табысын азайтты, инвестиция көлемін қысқартты және жергілікті экономикалық белсенділікті әлсіретті, – деді ол.
Алмаз өндіру Коно өңірінің негізгі табыс көзі болып келеді. Бұрын дәл осы алмаз кен орындары Сьерра-Леонедегі он жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғыстың негізгі себептерінің бірі болған. Сарапшылардың бағалауынша, 11 жылдық қақтығыс кезінде 50 мыңнан астам адам қаза тауып, жүздеген мың тұрғын босқынға айналған.
Табиғи алмаздардың беделін көтеру мақсатында әлемдегі ірі өндірушілердің бірі – De Beers компаниясы Сьерра-Леонеде Gemfair бағдарламасын іске асырып отыр. Жоба аясында жергілікті кеншілерге жабдықтар, оқыту бағдарламалары және табылған тастарды әділ бағалау мүмкіндігі ұсынылады.
Сонымен қатар компания табиғи алмаздардың шығу тегін толық қадағалауға мүмкіндік беретін жүйе енгізуде.
– Тұтынушылар барған сайын сатып алатын өнімнің қайдан шыққанын білгісі келеді. Бұл үрдіс алмаздарға да қатысты, – деді De Beers өкілі Дэвид Джонсон.
Дегенмен көптеген сарапшы зертханада өсірілген алмаздардың нарықтағы үлесі алдағы жылдары одан әрі өседі деп есептейді.
Үндістандағы зертханалық алмаздар өндіретін Forlink Ventures компаниясының бас директоры Рохит Мехтаның айтуынша, мұндай тастар арзанырақ әрі экологиялық тұрғыдан тиімдірек саналады.
Алайда бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Мамандардың айтуынша, зертханалық алмаздарды өндіру үшін өте көп электр энергиясы қажет. Бір карат алмаз өндіру барысында жоғары температуралы қондырғылар үздіксіз жұмыс істейді.
Соған қарамастан, тұтынушылардың қызығушылығы артып келеді. Сарапшылардың дерегінше, 2025 жылы зертханалық алмаздардың әлемдік нарығының көлемі 29,5 млрд долларды құраған. Ал 2034 жылға қарай бұл көрсеткіш 91,9 млрд долларға жетуі мүмкін.
АҚШ-та бүгінде зертханада өсірілген тастармен безендірілген неке жүзіктері барлық сатылымның 61 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өскен.
Айта кетейік, табиғи алмаздарға сұраныстың төмендеуі Африканың бірқатар еліндегі кен өндірушілердің әлеуметтік жағдайына әсер етіп, мыңдаған адамның табыс көзінен айырылуына себеп болып отыр.
Еске салайық, екі жыл бұрын АҚШ-та ер адам саябақтан 7-каратты алмаз тауып алды.